Лента новостей

Абай облысында түнгі рейд: бір түнде 233 жол ережесі бұзылды

тәртіпсіздік, жол-көлік, аллдын алу

Демалыс күндері Абай облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түнгі рейдтік іс-шара өткізді, деп хабарлайды Arnapress.kz ПД сілтеме жасап. 

Бір түннің ішінде тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін бұзудың 233 дерегін анықтап, жолын кесті. Олардың қатарында қауіпсіздік белдігін және мотошлемді пайдаланбау, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолдану, қауіпті маневр жасау, қарсы бағыттағы жолаққа шығу, сондай-ақ жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзу фактілері бар.

Сонымен қатар көлік құралын жүргізу құқығынсыз, міндетті сақтандырусыз және техникалық байқаудан өткізбей басқарған жүргізушілер анықталды.

Рейд барысында ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Полицейлер алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде көлік басқарған екі жүргізушіні дер кезінде көлік жүргізуден шеттетті. Сондай-ақ жолда апатты жағдай туғызу әрекетінің жолы кесілді.

Тіркеуден өтпеген, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жоқ немесе нөмірлері оқылмайтын автокөліктер де анықталды.

Құқық бұзушыларға қатысты заңнамада көзделген шаралар қабылданып, 7 автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Полиция департаменті жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігі мен тәртібіне тікелей байланысты екенін еске салады. Мұндай рейдтік іс-шаралардың басты мақсаты - қауіпті жағдайлардың алдын алу, жол-көлік оқиғаларына жол бермеу және адам өмірін сақтау.

Фото: ПД

Просмотров (231)
ТопДок 1