Лента новостей

Вейп сатқандар миллиондаған табыс тапқан: қылмыстық істер тергелуде

заңсыз, вейп, ұстау

Қазақстанда электронды тұтыну жүйелерінің айналымына тыйым салынғанына қарамастан, оларды заңсыз әкелу, сақтау және сату фактілері әлі де анықталуда, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚМА сілтеме жасап. 

Әсіресе бұл өнімдердің жастар мен кәмелетке толмағандар арасында таралуы алаңдатады.

Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі вейптердің заңсыз айналымына қатысты 25 деректі тоқтатты. Қазіргі таңда 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Заңсыз айналымнан 276 мыңнан астам электронды тұтыну жүйесі тәркіленсе, 18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Мәселен, Астанада вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеті тергелуде. Қылмыстық схемаға қоймалар мен кеңселер, интернет-дүкендер және Telegram, WhatsApp, Zangi мессенджерлері тартылған. Заңсыз табысты жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттары пайдаланылып, төлемдердің жалпы көлемі 3,2 млрд теңгеден асқан.

Қарағанды облысында вейп сататын Telegram-дүкен ұйымдастырған адамдар сотталып, оларға 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Тінту барысында құны шамамен 340 млн теңге болатын 30 мыңға жуық электронды тұтыну жүйесі тәркіленді.

Ұлытау облысында заңсыз сауданы “дропперлер” арқылы ұйымдастырған екі адамға қатысты да сот үкімі шықты. Олардың әрқайсысына 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, қылмыстық жолмен алынған табысты тәркілеу туралы шешім қабылданды.

Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: электронды тұтыну жүйелерін заңсыз әкелу, сақтау, тасымалдау және сату, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.

Заңсыз айналым туралы ақпарат болса, 1458 Call-center нөміріне хабарласыңыз.

Фото: ЖИ

Просмотров (358)
ТопДок 1