Абай облысы Полиция департаментінің Көші-қон басқармасы АЕК мөлшері өзгеріп, құжаттарға төленетін мемлекеттік баж қайта есептелетінін жариялады деп Arnapress.kz хабарлайды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге көлемінде белгіленеді.Осыған байланысты жеке басты куәландыратын құжаттарды рәсімдеу кезінде төленетін мемлекеттік баж мөлшерлері қайта есептелді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты үшін:
- 24 бет – 17 300 теңге (4 АЕК) (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
- 36 бет – 34 600 теңге (8 АЕК);
- 48 бет – 51 900 теңге (12 АЕК) көлемінде мемлекеттік баж алынады.
Ал Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, сондай-ақ шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатын беру үшін мемлекеттік баж 865 теңгені (0,2 АЕК) құрайды. Бір жылдың ішінде екі реттен көп жоғалуына байланысты жеке куәлік берілген жағдайда баж мөлшері 4 325 теңге (1 АЕК) болады. Азаматтығы жоқ адамның куәлігі үшін 34 600 теңге (8 АЕК) төленеді.
"Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шілдеде қабылданған жаңа Салық кодексіне сәйкес, жеке басын куәландыратын құжаттарды бергені үшін мемлекеттік баж алу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ҚР азаматының жеке куәлігін алғаш рет алу (16 жасқа толғанда), жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты ауыстыру, азаматтық қабылдау немесе бұрынғы КСРО паспортының негізінде құжат рәсімдеу кезінде мемлекеттік баж алынбайды" – дейді Полиция департаменті.
Алайда, жеке куәлікті бір жыл ішінде екі реттен көп жоғалту жағдайында төленетін мемлекеттік баж мөлшері 0,2 АЕК-тен 1 АЕК-ке дейін өседі.
Қабылданған түзетулер негізгі құжаттарды алу рәсімін жеңілдетуге, азаматтарға түсетін қаржылық жүктемені азайтуға және жеке құжаттарды сақтау жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Фото: Полиция департаментінің баспасөз қызметі
