Бұған дейін сайтымыз автобус кестесіне қатысты мәселе көтерген болатын. Осыған орай, Семей қаласының автокөлік және жолаушылар тасымалы бөлімінің өкілдері жауап берді деп хабарлайды Arnapress тілшісі.
“Қоғамдық көліктің қосымша маршруттарын ұйымдастыру мәселесі жолаушылар тасымалын субсидиялауға арналған қаржыландыруға байланысты болады. Сонымен қатар, қала тұрғындарының жолаушылар тасымалына деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында қолданыстағы маршруттарды оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіледі” - дейді Семей қаласының автокөлік және жолаушылар тасымалы бөлімінің өкілі Арман Жоламанов.
Қозғалыс кестелеріне талдау жүргізіліп, барлық дерлік маршруттардың кестелері қайта қаралды.
“Тасымалдаушылар мен олардың жүргізушілері тарапынан қозғалыс кестелерін бұзу мәселесі бар. Халықтың осы ақпаратқа қол жеткізуін және кестелердің сақталуын бақылау мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында қозғалыс кестелері Семей қаласы әкімдігінің интернет-ресурстарында жарияланады” - дейді Арман Жоламанов.
Жалпы, осы күні Семей қаласындағы маршруттық желіге сәйкес 329 көлік бірлігімен 43 маршрут жұмыс істейді. Енді «Таксомоторный парк» ЖШС тасымалдаушысы жаңа автобустарды ертеңнен бастап желіге шығарып, жолаушыларға штаттық режимде қызмет көрсете бастайды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Айтуынша, жаңа автобустар №16, №18 және №55 бағыттарында қатынайды және тұрғындар арасында сұранысқа ие.
Жаңа 10 бірлік автобустың әрқайсысы кондиционермен және бейнебақылау жүйесімен жабдықталған.

Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету және автобустардың қозғалыс кестесіне сәйкес жұмыс істеу — басты назарда, ал қала әкімдігі мен тасымалдаушылар бұл бағытта бақылауда.
Гүлнұр АХМЕТЖАН
Фото: Arnapress.kz, Семей қаласының әкімдігі
