Премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялаудағы алаяқтыққа қарсы күрес шараларын қайта қарауды тапсырды. Бұл туралы Аrnapress.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет отырысында Премьер-министр әлеуметтік саланың басым бағыт болып қала беретінін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалады.
Осы орайда Олжас Бектенов Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарауға қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Премьер-министр бұл салада артық қаржыландыру мен алаяқтық фактілеріне жол берілмеуі керектігін атап өтті.
"Артық қаржыландыруды тоқтату қажет. Адал бәсекелестік жағдайында жұмыс істей алмаса, бізге мұндай бизнестің қажеті бар ма? Бұл салада алаяқтықтың кеңінен таралғаны бәріне мәлім", – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кешенді шараларды әзірлеуді тапсырды.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
