Семей қаласында жастар мен қоғам үшін маңызды салаларда еңбек етіп жүрген мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған "Абай жастары" жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды Arnapress.kz Отбасы банкінің Абай облыстық филиалына сілтеме жасап.
Бағдарлама аясында қала жастары алғашқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйді тиімді шарттармен сатып ала алады. Несие жылдық 5% мөлшерлемемен, бастапқы жарна – 10%, ал ұсынылатын сома – 20 миллион теңгеге дейін.
Бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы Семей қаласының тұрғындары қатыса алады, атап айтқанда:
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар;
- БАҚ қызметкерлері;
- Мәдениет және спорт саласының мемлекеттік және бюджеттік ұйым мамандары;
- Денсаулық сақтау қызметкерлері;
- Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар мен жетімдер.
Қатысушы мен отбасының соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы, Семей қаласында тұрақты тіркеуде болуы қажет. Егер ата-анасының үйінде тұрып, өз пәтері болмаған жағдайда да бағдарламаға қатысуға болады. Жұмыс істейтін азаматтар үшін кемінде 1 жылдық ресми еңбек өтілі талап етіледі (кезектегілерден басқа).
Өтінімдер қабылдау: 2026 жылғы 5-12 қаңтар аралығында, жұмыс күндері, сағат 09:00-13:00
Орналасуы: Семей қаласының Тұрғын үй қатынастары және Тұрғын үй инспекциясы бөлімі, Абай көшесі, 97, 2-қабат, 211-кабинет.
Құжаттарды қабылдаудан кейін белгіленген тәртіппен тексеру жүргізіліп, нәтижелері қатысушыларға хабарланады.
Фото жасанды интеллект арқылы жасалды
