Лента новостей

Қазақстанда тегін дәрі-дәрмекке бөлінетін қаржы үш еседен астам өсті

дәрі, тегін, өсті

Соңғы жеті жылда Қазақстанда азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге шамамен 1,3 трлн теңге бағытталды. Осы кезеңде жыл сайын орта есеппен 3,3 млн пациент қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Arnapress.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек сатып алу жүйесін жетілдіру, препараттардың бағасын төмендету және халық үшін емнің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді.

2019–2025 жылдары тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы көлемі үш еседен астам өсіп, 83 млрд теңгеден 272,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ал тегін дәрі-дәрмек алатын азаматтардың саны 2,5 млн адамнан 3,4 млн адамға дейін артты.

2026 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алудың жалпы жоспары 584,1 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,6%-ға жоғары.

Сатып алу жүйесін жетілдірудің маңызды нәтижелерінің бірі – отандық өндірістің 66 дәрілік препаратының бағасын төмендету болды. Соның арқасында бюджет қаражаты 10,3 млрд теңгеге үнемделді.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі отандық және шетелдік өндірушілерден дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тікелей сатып алу тәжірибесін кеңейтіп келеді. 2026 жылы тікелей келісімшарттар бойынша сатып алынатын өнімдердің атаулары 404-ке дейін жетті. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы бұл көрсеткіш 182 атауды құраған.

Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық та нығайтылуда. 2026 жылы БҰҰДБ, ЮНИСЕФ және туберкулезбен күрес жөніндегі халықаралық тетіктер арқылы 32 атаудағы дәрілік затты сатып алу жоспарланған. Өткен жылы халықаралық ұйымдар арқылы 23 атаудағы препарат сатып алынған.

Мемлекет дәрі-дәрмек сатып алу тетіктерін жетілдіру арқылы бюджет қаражатын тиімді пайдалануды, препараттарды жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етуді және азаматтардың тегін дәрі-дәрмекке қолжетімділігін арттыруды көздеп отыр.

Фото: Жасанды интеллект арқылы

Теги: , ,
Просмотров (255)