Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитеті 2026 жылғы Азия ойындарында марафондық қашықтықтағы спорттық жүрістен мәреге бірінші болып келген Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесі жойылуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arnapress.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
27 қыркүйекте Аичи–Нагоя-2026 Азия ойындарында спорттық жүрістен жарысқан қазақстандық спортшы Ясмина Тоқсанбаева мәреге бірінші болып жетіп, Қытай спортшыларын басып озды.
Алайда жарыстан кейін World Athletics ережелеріне сәйкес жүлдегерлердің аяқкиімдері міндетті түрде тексерілді. Тексеру барысында Ясмина Тоқсанбаева пайдаланған аяқкиім үлгісінің World Athletics мақұлдаған модельдер тізіміне кірмейтіні анықталды.
Осыған байланысты спортшының аяқкиімі суретке түсіріліп, ресми қорытынды алу үшін халықаралық федерацияға жіберілді. World Athletics жауабы алынғанға дейін марапаттау рәсімі кейінге қалдырылды.
World Athletics спортшы пайдаланған аяқкиім үлгісінің жарыстарда қолдануға рұқсат етілген модельдер қатарына жатпайтынын ресми түрде растады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылады және жарыстың қорытынды хаттамасына өзгеріс енгізіледі.
Айта кетейік, World Athletics спорттық аяқкиімге қойылатын талаптарын 2026 жылғы 19 наурыздағы Кеңес шешімімен жаңартып, жаңа талаптарды 20 сәуірден бастап күшіне енгізген. Бұл туралы барлық ұлттық федерацияларға тиісті ақпарат жіберілген. Ережелер күшіне енгеннен кейін олар барлық жарысқа қатысушылар үшін міндетті болып саналады.
Осы Азия ойындарында аяқкиім талаптарына байланысты ұқсас жағдай ирандық жетісайысшы Мохитзадеге қатысты да тіркелді. Оның пайдаланған аяқкиім үлгісі де World Athletics мақұлдаған тізімге енбегені анықталып, нәтижесі жойылды. Соның нәтижесінде қазақстандық Алина Чистякова төртінші орыннан үшінші орынға көтеріліп, қола медаль иеленді.
Ясмина Тоқсанбаеваның жағдайына қатысты мәселе туындаған сәттен бастап Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті спортшыға қажетті қолдау көрсету және апелляция беру мүмкіндігін қарастыру үшін World Athletics, Asian Athletics Association, Азия Олимпиадалық кеңесі және Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр, - дейді хабарламада.
Фото: Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитеті сайтынан
