23 қыркүйекте сағат 02:00 шамасында Семей қаласындағы Момышұлы көшесінде орналасқан мейрамханалардың бірінің маңында мас күйдегі ер адам сигналдық тапаншадан аспанға екі рет оқ атқан, деп хабарлайды Arnapress.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны жедел анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Ол Семей қаласының 23 жастағы тұрғыны – Боронин Никита Александрович болып шықты.
Ер адам қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүргені, ұсақ бұзақылық жасағаны және тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот қаулысымен ол 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын кез келген әрекет заңда белгіленген жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
Фото: Полиция департаменті видеосынан скрин
