"Жолаушылар тасымалы" АҚ жолаушыларға пойыздарда үй жануарларын тасымалдау талаптарын еске салады, деп хабарлайды Arnapress.kz "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөзіне сілтеме жасап.
Сапардың жайлы әрі қауіпсіз өтуі үшін жолаушылар жануарларды тасымалдауға қойылатын негізгі талаптармен алдын ала танысқаны жөн.
Үй жануарларын теміржол көлігімен тасымалдау тәртібі Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін теміржол көлігімен тасымалдау қағидаларының 10-тарауында белгіленген. Құжатта тасымалдауға рұқсат етілетін жануарлардың түрлері, сондай-ақ оларды алып жүру тәртібі мен шарттары көрсетілген.
Жолаушылар пойыздарында тек үй жануарларын алып жүруге рұқсат етіледі. Олардың саны екіден аспауы тиіс. Оларға мысықтар, иттер, құстар және жетелеуші иттер жатады. Жануарларды тасымалдау үшін тиісті ветеринариялық құжаттар болуы қажет. Бұл құжаттар пойызға отырғызу кезінде көрсетіледі.
Үй жануарымен сапар шегетін жолаушы басқа жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында купені толық сатып алуы тиіс. Жануарды иесі немесе жауапты тұлғасы алып жүруі қажет. Иесі жоқ жануарды пойызға отырғызуға жол берілмейді.
Жануарлар арнайы тасымалдау құралдарында — торда, жәшікте немесе себетте болуы керек. Иесі жануарды вокзалда, пойызға міну және түсу кезінде, сондай-ақ бүкіл сапар барысында бақылауда ұстауға, уақытылы тамақтандыруға және тазалығын қамтамасыз етуге міндетті.
Ірі иттер міндетті түрде тұмылдырықпен және қарғыбаумен болуы тиіс. Мұндай иттерді тасымалдау кезінде оның салмағына қарай багаж тарифі қолданылады. Ірі иттер бірінші вагонның қызметтік емес тамбурында орналастырылады. Сапар барысында жануардың қауіпсіздігіне және оны алып жүруге толық жауапкершілік иесіне жүктеледі.
Ал көру қабілеті бұзылған жолаушыны алып жүретін жетелеуші ит кез келген үлгідегі вагонда тасымалдана алады. Бұл ретте қосымша ақы алынбайды.
Сонымен қатар үй жануарларымен вагон-мейрамханаға кіруге рұқсат етілмейді. Жолаушылар мен пойыз қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жануарларды тасымалдауға тыйым салынады.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ жолаушыларға үй жануарымен сапарды алдын ала жоспарлап, қажетті ветеринариялық құжаттарды дайындауға кеңес береді.
Жануарларды тасымалдау талаптары бойынша толық ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы немесе теміржол вокзалдарындағы билет кассаларынан алуға болады.
Фото: ЖИ
