Бұған дейін Arnapress.kz редакциясы Семейдегі бірқатар базарлар мен сауда үйлеріне барып, ондағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысқан болатын. Нысандардың қашан толық аяқталатынын және қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын нақтылау мақсатында Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына ресми сауал жолдадық. Басқарма редакция сауалына жауап беріп, сауда нысандарындағы жұмыстардың қазіргі кезеңі мен жоспарланған аяқталу мерзімдерін хабарлады.
"СМОКК" базары бойынша
Қазіргі уақытта нысанда бетон негізін құю жұмыстары жүргізілуде. Бетон қажетті беріктікке жеткеннен кейін бағаналарды орнату және бекіту элементтерін монтаждау жұмыстары басталады. Металл конструкциялар нысанға толық көлемде жеткізіліп, оларды байланыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Жылумен жабдықтау мәселесі бойынша техникалық шарттар алынып, жұмыс жобасы әзірленді. Жылу желілерін бетон негізінің астымен өткізуге қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, аталған мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Ағымдағы жылдың 21 мамырында саудагерлер базар аумағын толық босатты. Олардың бір бөлігі "Северный" сауда-логистикалық орталығына, қалған бөлігі Қашағанов көшесінің арғы бетіндегі аумаққа уақытша орналастырылған еді. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жол картасына сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жол картасына сәйкес нысанды жаңғырту жұмыстарын 2027 жылдың шілде айына дейін аяқтау жоспарланған.
"Мереке" базары
2-ші және 3-ші сауда қатарлары толықтай демонтаждалды. Қазіргі уақытта котлован қазылып, қалып орнатылды, арматураны байлау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін келесі аптадан бастап бетон құю жұмыстары басталып, одан әрі блоктарды орнату жоспарлануда. Жаңа ғимараттың құрылысы бекітілген жол картаға сәйкес жүргізіліп, нысанды жаңғырту жұмыстарын 2027 жылдың шілде айына дейін аяқтау көзделген.
"Ақшың" базары
Сауда үйі ғимаратының қасбетін сырлау жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта апатты жағдайдағы ғимарат бөлігін демонтаждау және реконструкциялау жұмыстарын базар басшылығының өз қаражаты есебінен бастау жоспарлануда. Сонымен қатар, қаржыландыру көлемінің жеткіліксіз болуына байланысты аталған жұмыстардың мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін. Жол картасына сәйкес нысанды толық жаңғыртудың соңғы мерзімі — 2028 жыл.
"Жансая" базары

Қасбетті сылау жұмыстары аяқталу сатысында. Фиброцементті плиталарды монтаждау жұмыстарының негізгі бөлігі орындалды, шатырды бояу жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта қасбетті сырлау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды ағымдағы жылдың қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланып отыр. Осылайша, бұрын жарияланған мерзім сақталады. Базар аумағында қалған контейнерлер маусымдық сауда кезеңі аяқталғаннан кейін, қазан айында кезең-кезеңімен шығарылады.
"Нива" сауда үйі бойынша

Шатыр толық ауыстырылып, қасбетті сырлау жұмыстары аяқталды. Техникалық бөліктегі косметикалық жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Сонымен қатар, үш сауда павильонын орнату жұмыстары жүргізілуде. Монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін кіреберіс тобы гранитпен қапталып, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Негізгі жөндеу-құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтап, сауда үйін қайта ашу жоспарлануда. Бұған дейін жарияланған мерзім сақталады.
"Жаңа-Базар" және "Жаңа Семей" сауда үйлері бойынша
Нысандардың эскиздік жобалары келісілді. Қазіргі уақытта аталған сауда үйлерінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары бекітілген жол карталарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат — сауда орындарының инфрақұрылымын жаңарту, қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету және келушілер мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру.
Фото: Arnapress.kz
