Лента новостей

Абай облысының құтқарушылары жаңа катермен толықты

катер, Ертіс, Алакөл, құтқару

Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментіне облыстық бюджет қаражаты есебінен заманауи "VOYGER" 850T Cabin Twin құтқару катері сатып алынды, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли жаңа техниканың мүмкіндіктерімен танысып, оның техникалық жабдықталуын көрді. Өңір басшысы ТЖД басшысы Манарбек Шапағатовпен бірге катермен Ертіс өзені бойындағы Семей қаласын су тасқынынан қорғайтын бөгеттердің жай-күйін және алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығын бағамдады.

Жаңа катер Ертіс өзені мен Алакөл көлінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, іздестіру және сүңгуірлік-құтқару жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ құтқарушылар мен қажетті жабдықтарды оқиға орнына жедел жеткізуге арналған.

Катердің негізгі мүмкіндіктері:
ұзындығы – 8,34 метр;
сыйымдылығы – 8 адам;
жүк көтергіштігі – 1400 кг;
заманауи навигация және байланыс жүйелері;
жылытылатын жабық кабина және жеке каюта;
екі қозғалтқышты жүйе.

Жаңа техника құтқару бөлімшелерінің ұтқырлығын арттырып, су айдындарындағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және іздестіру-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

"Өңірімізге өте қажетті техника Ертіс өзенінде, Алакөл көлі мен Шүлбі су қоймасында кезекшілік жасайтын болады. Бұл жаңа, заманауи катерді Төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынысымен арнайы тапсырыс беріп, сатып алдық. Шомылу маусымы кезінде азаматтарды қорғау үшін, құтқару шараларын тиімді жүргізу үшін керек. Ұзақ жылдар бойы халықтың игілігіне қызмет етсін", – деді Берік Уәли.

Бүгінде Абай облысының құтқару бөлімшелерінде 29 жүзу құралы мен су-мотор техникасы бар. Оның ішінде 5 құтқару катері, әуе жастықшалы кеме, металл және үрлемелі қайықтар, сондай-ақ гидроциклдер бар.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөзі

Просмотров (98)
ТопДок 1