Лента новостей

Алаяқтар жасанды интеллектіні де қару етті: Абай облысында 680-нен астам адам зардап шекті

интернет-алаяқтық, күдікті, несие

Жыл басынан бері Абай облысында 680-нен астам азамат интернет-алаяқтықтан зардап шеккен, деп хабарлайды Arnapress.kz Polisia.kz cілтеме жасап. 

Қаскөйлер адамдарды алдау үшін телефон қоңырауларын, мессенджерлерді, әлеуметтік желілерді және тіпті жасанды интеллект технологияларын пайдаланып келеді.

 Ең жиі кездесетін тәсілдердің бірі – өзін банк, полиция немесе басқа да ұйым қызметкері ретінде таныстыру. Алаяқтар "күдікті операция анықталды" деп, SMS-кодты айтуды, несие рәсімдеуді немесе ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуды талап етеді.

Кей жағдайда алаяқтар бейнеқоңырау арқылы полиция формасына ұқсас киім мен атрибуттарды пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіреді.

Жалған инвестиция – тағы бір кең таралған схема. Әлеуметтік желілерде "кепілдендірілген табыс" туралы жарнамалар таратып, азаматтарды инвестициялық платформаларға немесе криптовалютаға ақша салуға үгіттейді. Алғашқы салымнан кейін жалған платформада «табыс» көрсетіліп, одан әрі қомақты қаражат аударуды сұрайды.

Бұған қоса, қаскөйлер жасанды интеллект көмегімен танымал тұлғалардың бейнесін жасап, оны жалған инвестициялық жарнамаларда пайдалануы мүмкін.

Есте сақтаңыз:
SMS арқылы келген кодты ешкімге айтпаңыз;
банк картасының деректері мен құпия ақпаратты бермеңіз;
"қауіпсіз шотқа" ақша аудармаңыз;
күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
"кепілдендірілген жоғары табыс" уәделеріне сенбеңіз;
бейтаныс адамдардың нұсқауымен несие рәсімдемеңіз.

Фото: ЖИ

Просмотров (92)
ТопДок 1