Туризм және спорт министрлігі фитнес индустриясы мамандарына қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын белгілейтін "Фитнес-клубтардың қызметі" кәсіби стандартының жобасын әзірледі, деп хабарлайды Arnapress.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа құжаттың негізгі мақсаты – фитнес қызметтерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, сала мамандарын даярлауға бірыңғай тәсіл қалыптастыру.
Стандартта:
фитнес-нұсқаушыға;
фитнес-жаттықтырушыға;
топтық бағдарламалар жаттықтырушысына;
шебер-жаттықтырушыға;
фитнес бағытының әдіскеріне;
фитнес-орталық директорына қойылатын біліктілік талаптары қарастырылған.
Әр мамандық бойынша қажетті білім, біліктілік, кәсіби дағдылар және еңбек функциялары айқындалады.
Министрлік бұл талаптар фитнес-клуб келушілерінің қауіпсіздігін арттырып, азаматтарға кәсіби қолдау көрсететін білікті мамандар жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп отыр.
Құжатты әзірлеуге Қазақ ұлттық спорт университеті, Invictus Academy және Champion Fitness School өкілдері қатысты.
Фото: ЖИ
