2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне cілтеме жасап.
Пилоттық жоба аясында төлем мерзімі ең көбі үш айды құрайды. Өзгеріс әлеуметтік төлем алуға құқығы 1 қазаннан бастап туындайтын азаматтарға қатысты қолданылады.
Төлем мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты белгіленеді: 6–12 ай қатысқан жағдайда – 1 ай, 12–24 ай – 2 ай, ал 24 айдан астам болса – 3 ай.
Сонымен қатар әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол төлем алу құқығы туындаған кездегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 7 ең төменгі жалақының 45%-ын құрайды. Нақты сома азаматтың соңғы 24 айдағы орташа табысы мен сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне қарай есептеледі.
Жұмысынан айырылған азамат әлеуметтік төлем алу үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі қажет. Мұны тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, сондай-ақ eGov.kz және Enbek.kz арқылы жасауға болады.
Тіркелген азаматқа мамандығы мен тәжірибесіне сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылады. Лайықты жұмыс табылмаған жағдайда ол жұмыссыз ретінде тіркеліп, тиісті талаптарға сай болса, әлеуметтік төлем проактивті түрде тағайындалады.
Фото: ЖИ
