Лента новостей

 Семейде азаматтарды алдап, 15 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген ер адам сотталды

алаяқтық, қылмыс, Семей

Абай облысының Семей қаласы бойынша қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алаяқтық жасаған 45 жастағы ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Arnapress.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Сотта анықталғандай, 2020–2022 жылдар аралығында сотталған азамат бірнеше адамның сеніміне кіріп, түрлі мәселелерді шешуге көмектесуге уәде берген.

Ол жәбірленушілердің біріне мемлекеттік бағдарламалар арқылы тиімді бағамен пәтер алып беретін таныстары бар екенін айтып, кейін автокөлік сатып алу, құрылыс материалдарын алу және басқа да сылтаулармен бірнеше рет ақша алған. Келтірілген залал көлемі 9 820 000 теңгені құрады.

Екінші жәбірленушіге жылжымайтын мүлікті төмен бағамен сатып алуға, мүгедектік рәсімдеуге және мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегіне тұруға көмектесетін мүмкіндіктері бар екенін айтқан. Осы жолмен ол 5 280 000 теңге алған.

Сотта жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары, банк аударымдары және шот көшірмелері қоса алғанда, зерттелген дәлелдемелердің жиынтығы сотталған адамның кінәсін дәлелдеді.

Сот оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар, жәбірленушілердің пайдасына тиісінше 9 820 000 теңге және 5 130 000 теңге көлемінде материалдық залалды өндіріп алу туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ сотталған азаматтан Жәбірленушілерге өтемақы қорының пайдасына 20 АЕК — 61 260 теңге мәжбүрлі төлем өндірілетін болды.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (211)