Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына күйік бөлімшесін ашуға бөлінген демеушілік қаражаттың жымқырылуына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Arnapress.kz агенттікке сілтеме жасап.
Жобаға "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы арқылы 223 миллион теңге бөлінген. Бастапқыда бұл қаржыға медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алып, мамандарды оқыту жоспарланған. Алайда кейін жоба өзгеріп, 210 миллион теңгеге небәрі екі арнайы медициналық кереует сатып алынған.
Тергеу мәліметінше, жабдыққа 92 миллион теңге ғана жұмсалып, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған болуы мүмкін.
Іске бірнеше лауазымды тұлға мен кәсіпкердің қатысы бар деген күдік келтірілуде. Үш күдікті қамауға алынды. Олардың мүлкіне, соның ішінде пәтерлер, тұрғын үйлер мен автокөлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Тергеу жалғасып жатыр.
Фото: ЖИ
