13–16 маусым аралығында Қытайдың Бейжің қаласында өткен 2026 FIRST® LEGO® League Asia Open Championship халықаралық робототехника чемпионатында Семей қаласындағы "Білім-Инновация" лицейінің SBIL•LION•AIRES командасы жүлделі II орынға ие болды.
Ауқымды додаға әлемнің 25 елінен 375 команда қатысып, 3500-ге жуық оқушы өзара бақ сынады. Қазақстан атынан Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Қызылорда және Абай облыстарынан 20-ға жуық команда қатысты.
Жарыс қорытындысында Семейлік оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, чемпионаттың күміс жүлдесін иеленді. SBIL•LION•AIRES командасы 2024 жылы Sapa Semey Alumni түлектер қауымдастығының қолдауымен құрылған. Команда бұған дейін Сингапурда өткен халықаралық жарыста да II орын алған.
Команда мүшесі Нұрсұлтан Оразалиннің айтуынша, Бейжіңдегі жетістік – оқушылардың қажырлы еңбегі мен командалық жұмысының нәтижесі.
"Биылғы чемпионатта өте сәтті өнер көрсеттік. Бұған дейінгі жарыстарда жинаған тәжірибеміз командалық жұмысымызды жетілдіріп, өзара түсіністігімізді нығайтуға көмектесті. Бейжіңдегі сайыста бірлескен жұмыстың арқасында жүлделі екінші орынға қол жеткіздік", – деді ол.
Семейлік оқушылардың халықаралық аренадағы бұл жетістігі Абай облысында робототехника мен STEM бағытындағы білім берудің дамып келе жатқанын көрсетеді. Жас робототехниктердің жеңісі өңір оқушылары үшін жаңа белестерге жол ашып, отандық техникалық шығармашылықтың дамуына серпін бермек.
Фото: Облыс әкімдігінің баспасөзінен
