Абай облысында 2026 жылдың алғашқы 10 айында 171 мыңнан астам профилактикалық екпе жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева мәлімдеді, деп хабарлайды Arnapress.kz
Өңірде жыл сайын 220 мыңнан астам адам вакцинацияланады. Оның 119 мыңнан астамы – балалар.
Брифингке Семей қаласындағы №4 емхананың дәрігер-педиатры Әсем Шалабаева мен облыстың штаттан тыс бас инфекционисті Имдат Эфендиев те қатысты. Мамандар вакцинацияның маңызы, балаларды жоспарлы иммундау және жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары туралы айтты.
"Вакцинацияның басты мақсаты – жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу, халық денсаулығын қорғау және аурудың ауыр асқынулары мен өлім-жітімнің алдын алу. Ал екпеден бас тарту ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және бұрын бақылауға алынған инфекциялардың қайта таралуына себеп болуы мүмкін", - дейді Айгүл Тоқтабаева
Қазақстанда Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес 21 жұқпалы ауруға қарсы вакцинация тегін жүргізіледі. Семей қалалық №4 емхананың дәрігер-педиатры Әсем Шалабаева балаларға екпені жас ерекшелігіне сай уақытылы салдырудың маңыздылығына тоқталды.
"Нәрестелерге өмірінің алғашқы күндерінен бастап туберкулез бен В вирустық гепатитіне қарсы екпе жасалады. Кейін жасына қарай көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, қызылша және өзге де инфекцияларға қарсы жоспарлы иммундау жүргізіледі. Сонымен қатар 11 жастағы қыз балалар адам папилломасы вирусына қарсы вакцина алады. Бұл екпе жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған", - деді Айгүл Тоқтабаева
Облыстың штаттан тыс бас инфекционисті Имдат Эфендиев вакцинациядан өтпеген адамдарда жұқпалы аурулардың ауыр өту және асқыну қаупі жоғары екенін атап өтті. Әсіресе балалар, қарттар мен иммунитеті әлсіз адамдар үшін инфекциялар қауіпті.
Мамандардың мәліметінше, биыл Абай облысында төрт жасқа дейінгі екпе алмаған балалар арасында көкжөтелдің 5 жағдайы тіркелген. Сондай-ақ профилактикалық вакцина алмаған адамдар арасында А вирустық гепатитінің 30 жағдайы анықталған.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарды профилактикалық екпелерден бас тартпауға және Ұлттық екпе күнтізбесін сақтауға шақырады. Вакцинация туралы қосымша ақпаратты учаскелік дәрігерден немесе egu.kz сайтынан алуға болады.
Фото: Жасанды интеллект арқылы
