Лента новостей

Пластикті шикізатқа айналдыратын технология, өрт сөндіруші дрон: Семейде Digital Abai 2026 форумында жобалар таныстырылды

DIGITAL ABAI 2026, форум, Семей

10 қараша күні Семей қаласындағы Оқушылар сарайында (Semey Hub) DIGITAL ABAI 2026 форумы өтуде, деп хабарлайды Arnapress.kz

Ауқымды іс-шара жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, технологиялық кәсіпкерлік, білім беру және ғылым салаларын тоғыстырып, өңірдің цифрлық даму әлеуетін таныстыруға бағытталған.

Ресми ашылу салтанатында Astana Hub-тың Семей қаласындағы филиалының директоры Тұрсынжан Әнет Маратұлы қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, форумның маңыздылығына тоқталды.

Форум аясында технологиялық шешімдері мен инновациялық жобаларын таныстырған қатысушылар қатарында SolarMax, iSpark Digital, Jidek.kz, SanEduPortal, Mango Development, MediaLab Agency, Abay Agro Smart, Eltex, КИГРОС, MARti Technology, Alaqan, Artisan Education және TIREK Digital Group сияқты отандық компаниялар мен стартаптар болды.
Сонымен қатар, ірі ұйымдар өздерінің цифрлық шешімдері мен технологиялық мүмкіндіктерін таныстырды.

"Қазіргі таңда біз екі бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Біріншісі – 3D модельдеу және экожүйе құру, екіншісі – дрондар бағыты. Көрмеде пластикті бастапқы шикізатқа айналдыру макеті, электр өлшеуіш дрон және өрт сөндіруші дрон ұсынылған. Биыл халықаралық жарыстарда жобаларымыз жоғары нәтижелерге қол жеткізді", – дейді Электротехникалық колледждің жас маманы.

Күн тәртібіндегі негізгі бөлімдердің бірі – DIGITAL TALKS сарапшылар алаңы. Модератор Раиф Мисайловтың жетекшілігімен өткен кездесуде Smart City тұжырымдамасы, отандық бағдарламалық қамтамасыз ету, жасанды интеллект, Семей қаласында стартап экожүйесін дамыту, креативті идеялар және өңірлік медиа тақырыптары қамтылды.

Форум аясында цифрландыру саласының дамуына үлес қосқан мамандарды марапаттау рәсімі де ұйымдастырылды. Салтанатты рәсім барысында 26 маман марапатталып, оның ішінде 6 маман министр атынан, 20 маман облыс әкімінің атынан марапатқа ие болды. .

Бағдарламадағы маңызды бағыттардың бірі – DIGITAL ABAI PARTNERS SHOWCASE. Бұл алаңда серіктестер, технологиялық компаниялар, Astana Hub және Semey Hub өкілдері, стартаптар мен білім беру жобалары өздерінің бастамалары мен жетістіктерін таныстырады. Қатысушылар заманауи технологиялық шешімдермен танысып, жаңа әріптестік байланыстар орнатуға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ форум аясында SEMEY HUB BATTLE технологиялық жобалар байқауы өтеді. Қатысушы командалар өз жобаларын сарапшылар алдында қорғап, питчинг форматында таныстырады. Сарапшылардың сұрақтары мен бағалау нәтижесінде үздік жобалар анықталып, жеңімпаздар марапатталады.

Форумның қорытынды бөлімінде AI Film Hackathon және Semey Hub Battle жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен әзірленген фильмдердің трейлерлері көрсетіліп, қатысушылардың шығармашылық және технологиялық мүмкіндіктері таныстырылады.

DIGITAL ABAI 2026 – өңірдегі цифрлық трансформацияны жеделдетуге, жасанды интеллект саласындағы білім мен тәжірибе алмасуға, жас кәсіпкерлер мен стартаптарға қолдау көрсетуге бағытталған маңызды алаң. Форум жаңа идеяларды біріктіріп, Семей қаласының технологиялық және инновациялық әлеуетін дамытуға серпін бермек.

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (224)