Лента новостей

Қазақстанда риелторлық қызметті реттеу талаптары күшейтіледі

заң, өзгеріс, риелтор

Қазақстанда риелторлық қызметтің сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және жылжымайтын мүлік нарығындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жаңа шаралар әзірленуде, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Сауда және интеграция министрлігі Құрылтай депутаттарымен және кәсіби қауымдастығына сілтеме жасап. 

Бастаманың негізгі мақсаты – қызмет көрсету сапасын арттыру, риелторлар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың мүддесін қорғау.

"Ұсынылып отырған шаралардың бірі – риелторлық қызмет көрсетудің бірыңғай қағидаларын енгізу. Бұл құжатта мамандардың жұмыс тәртібі, клиенттермен келісімшарт жасау және қызмет көрсету талаптары нақты белгіленбек. Әсіресе, келісімшарт мазмұнына баса назар аударылады. Онда қызмет құны, комиссия мөлшері мен оны төлеу тәртібі, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері анық көрсетілуі тиіс. Тағы бір маңызды ұсыныс – риелтордың қызметіне тапсырыс бермеген азаматтардан комиссия талап етуге жол бермеу. Яғни клиент риелтордың кімнің мүддесін қорғайтынын және қандай қызмет үшін ақы алатынын алдын ала білуі қажет. Бұл азаматтардың негізсіз төлем жасауына жол бермеуге бағытталған. Бұдан бөлек, риелторлардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту жоспарланып отыр. Министрлік қолданыстағы ұлттық стандарт негізінде қызмет көрсету сапасына, кәсіби әдепке, жылжымайтын мүлік мәмілелерін сүйемелдеуге және клиенттермен жұмыс істеуге қатысты міндетті талаптар енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Қазіргі уақытта риелторлардың кәсіби стандарты да әзірленіп жатыр. Құжатта мамандардың кәсіби қызметін атқаруға қажетті білімі, дағдылары мен біліктілік деңгейі айқындалмақ. Бұл сала мамандарының даярлығына ортақ талап қалыптастыруға мүмкіндік береді" -, делінген хабарламада

Сонымен қатар риелторлық қызметті өзін-өзі реттеу жүйесін дамыту ұсынылуда. Оның аясында кәсіби бірлестіктер өз мүшелеріне ортақ талаптар белгілеп, олардың жұмысын бақылауға, азаматтардың шағымдарын қарауға және белгіленген талаптарды бұзған мамандарға қатысты шаралар қабылдауға қатыса алады. Бұған қоса, аккредиттелген ұйымдардың қатысуымен риелторлардың кәсіби біліктілігін растау тетігі пысықталуда.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелтор мамандығын реттелетін кәсіптер тізіміне енгізу мәселесі де қаралады. Бұл мамандарды кәсіби даярлауға нақты талаптар қоюға және олардың біліктілігін растау тәртібін белгілеуге негіз болмақ. Нәтижесінде азаматтар қызметіне жүгінетін риелторлардың кәсіби деңгейі туралы толық ақпарат ала алады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту де назардан тыс қалмайды. Министрлік депутаттармен бірлесіп, азаматтарға қажетсіз қызметтерді мәжбүрлі түрде ұсынуға, келісімшартқа тұтынушы үшін тиімсіз талаптар енгізуге және негізсіз комиссия алуға жол бермеу үшін қосымша заңнамалық шараларды талқылауда.

Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер риелторлық қызмет нарығында ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға, мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге және жылжымайтын мүлікпен мәміле жасайтын азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Фото: Жасанды интеллект арқылы

Просмотров (116)