Лента новостей

Семей – Ресей шекарасы бағытындағы 111 шақырым жол толық жаңартылды

Семей-РФ, шекарасы, жол

Абай облысында республикалық маңызы бар "Семей – РФ шекарасы" автомобиль жолының жөндеу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Нәтижесінде Семейден Ресей шекарасына дейінгі маңызды көлік дәлізінің нормативтік техникалық жағдайы 100 пайызға жеткізілді.

Жаңартылған жолдың ашылу салтанатына Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты. Аймақ басшысы бұл жолдың өңір экономикасы мен халықаралық көлік қатынасы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту – Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі. Сапалы жолдар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және транзиттік әлеуетінің артуына ықпал етеді.

Жалпы ұзындығы 111 шақырымды құрайтын жол учаскесінде жөндеу жұмыстары үш бөлікте жүргізілді. Жол төсемінің төменгі және жоғарғы қабаттары жаңартылып, жол жиектері ретке келтірілді. Сонымен қатар жол таңбалары сызылып, су өткізу құбырлары жөнделіп, жаңалары орнатылды.

Көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол бойына малдың жолға шығуына кедергі болатын 10 мың метр қоршау қойылды. Сондай-ақ екі жаңа автопавильон орнатылып, демалыс алаңы жабдықталды.

Айта кетейік, 2024 жылы аталған жолдың нормативтік техникалық жағдайы небәрі 40 пайызды құраған. Ал бүгінде бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті. Жолмен тәулігіне 1650-ден астам автокөлік қатынайды.

Жаңартылған автожол Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға да мүмкіндік береді. Аталған бағыт Ресей Федерациясымен шекарадағы "Ауыл" өткізу пунктіне жалғасады. Бұл – Абай облысының Ресеймен шекарасындағы төрт өткізу бекетінің ішіндегі ең ірісі.

Қазіргі уақытта өткізу пунктін қайта жаңарту жұмыстары басталған. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар жүк көліктеріне арналған 2800 шаршы метрлік күту алаңы салынған. Бұл халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жолдың жаңаруы Бородулиха ауданының экономикалық дамуына да оң әсерін тигізбек. Атап айтқанда, Новопокровка, Дмитриевка және Ауыл ауылдарындағы жол бойындағы қызмет көрсету орындарының жұмысы жанданады. Қазіргі таңда осы бағытта алты кафе мен тоғыз автопавильон жұмыс істейді.

Облыста жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басқа бағыттарда да жалғасып жатыр. Қазір жалпы ұзындығы 212,6 шақырым автомобиль жолында орташа жөндеу жүргізілуде. Оның ішінде 41 шақырымы облыстық, 91,4 шақырымы аудандық маңызы бар жолдарға тиесілі.

Бұдан бөлек, 20 елді мекендегі жалпы ұзындығы 80,2 шақырым болатын 80 көше жөнделіп жатыр.

Фото: Абай облысының баспасөзінен

Просмотров (56)