Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын бақылауды күшейтуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Arnapress.kz минстрлікке сілтеме жасап.
Жаңа шаралар халықты сапасыз, жалған және тіркелмеген препараттардан қорғауға бағытталған.
Осы мақсатта Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктері бірлескен бұйрық жобасын әзірледі. Құжатта дәрілік заттарды сату кезіндегі заңбұзушылықтарды анықтау және бақылау тәртібін жетілдіру қарастырылған.
"Тиісті лицензиясыз дәрі сатуға, тіркелмеген және жалған препараттарды өткізуге, сондай-ақ рецептімен босатылатын дәрілерді заңсыз сатуға ерекше назар аударылады. Заңбұзушылық анықталған жағдайда дәріханалардың қызметі уақытша тоқтатылып, жекелеген препараттарды сатуға тыйым салынуы немесе олар айналымнан алынуы мүмкін. Бақылау кезінде бұрын анықталған заңбұзушылықтар мен тексеру нәтижелері ескеріледі. Жаңа тәртіп дәріханалармен қатар маркетплейстер мен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылатын заңсыз сауданың да жолын кесуге бағытталған", - делінген министрлік хабарламасында
Ұсынылған өзгерістерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отыр.
Фото: Жасанды интеллект арқылы
