Лента новостей

101 құсбегі қатысқан "Абай салбурыны – 2026" мәресіне жетті

Абай салбурыны – 2026, Көкбай

Абай облысы Абай ауданының Көкбай ауылында ақын, Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлының 165 жылдық мерейтойына арналған "Абай салбурыны – 2026" республикалық құсбегілер турнирі өтті, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Екі күнге созылған ұлттық спорт додасына еліміздің 11 облысы мен 3 қаласынан 101 құсбегі қатысып, өзара бақ сынады.

13–14 қараша күндері ұйымдастырылған жарыста қатысушылар бүркіт, қаршыға және ителгі салудан сынға түсті. Сонымен қатар 20-дан астам құмай тазы қатысқан жарыс ұйымдастырылды. Ұлттық спорт мерекесі аясында арқан тарту, садақ ату және тай көтеру сайыстары да өткізілді.

Турнир қорытындысы бойынша ителгі салудан Ақмола облысының өкілі Ерлан Кенжетаев бірінші орын иеленді. Қарағанды облысынан келген Темірәлі Төлегенұлы екінші орынға тұрақтаса, үшінші орындарды Қарағанды облысының өкілі Ердаулет Төлеген мен Жамбыл облысының құсбегісі Бақдаулет Бабажан бөлісті.

Қаршыға салудан Жамбыл облысының өкілі Берікболсын Бабажан топ жарды. Түркістан облысынан келген Заки Махмұтхан екінші орын алса, Алматы облысының өкілі Сағыныш Баетбай мен Қарағанды облысының құсбегісі 

Серік Қарипов үшінші орындарды иеленді.

Бүркіт салудан Астана қаласының өкілі Ерасыл Серікбекұлы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Бауыржан Сембаев иеленді. Ал Қарағанды облысының өкілі Нұрғазы Қазыбек пен Алматы қаласынан келген Арман Қошқаров үшінші орындарды бөлісті.

Қазақы тазылар жарысында Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласынан келген Еркебұлан Әділбеков жеңімпаз атанды. Екінші орынды Абай облысы Жарма ауданының өкілі Серік Слатов, үшінші орынды Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданынан келген Мейір Жетпісов иеленді.

Ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарда да үздіктер анықталды. Садақ атудан Қарауыл ауылының тұрғыны Алмас Құрманов бірінші, Асқар Әбеуов екінші, Көкбай ауылының өкілі Абай Төлеубеков үшінші орын алды.

Арқан тартудан Көкбай ауылының командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Қарауыл ауылының, үшінші орынды Құндызды ауылының командалары иеленді. 

Құндызды ауылының тұрғыны Әлихан Әділов тай көтеру сайысының жеңімпазы атанды. 

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөзі

Просмотров (114)