Лента новостей

Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды

тұмау, қарсы, вакцина, медицина

Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Биыл халықты тегін иммундау үшін 2,1 млн доза вакцина сатып алынды, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіле бастады. Қазіргі таңда вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына жеткізілді. Қалған өңірлерге вакцинаны жеткізу 5 қазанға дейін жоспарланған. Вакцина медициналық ұйымдарға жеткізілгеннен кейін халықты иммундау жұмыстары басталды.

"Вакцинациялау науқанында ресейлік өндірістің "Гриппол®" вакцинасы қолданылады. Оның штамдық құрамы алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді. Бірінші кезекте тұмауға және оның асқынуларына осал азаматтарға тегін вакцинация жүргізіледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен қызметкерлері, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар бар. Өңірлерге вакцинациялау науқанын уақытылы бастап, нысаналы топтарға вакцинаның қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды",- делінген хабарламада

Қазан айы – тұмау бойынша маусымдық сырқаттанушылықтың өсуі басталғанға дейін вакцинация жүргізуге қолайлы кезең. Вакцина алғаннан кейін организмде иммундық қорғаныстың қалыптасуына белгілі бір уақыт қажет.

Нысаналы топқа жататын азаматтарға вакцинация алу бойынша ақпаратты тіркелген жері бойынша медициналық ұйымдардан алдын ала нақтылап, медициналық ұйымға уақтылы жүгіну ұсынылады.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (187)