Лента новостей

Қазақстанда жасанды интеллект офтальмология саласына енгізілуде

көз, дәрігер, медицина, емдеу

Алматыда Қазақстан офтальмологтарының "Қазақстан Республикасының офтальмологиясындағы жетістіктер мен болашақ" конгресі өтіп жатыр, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Іс-шараға еліміздің өңірлерінен медицина мамандары мен ғылыми ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Украина және Қырғызстаннан сарапшылар қатысуда.

2025 жылы:
офтальмологтар шамамен 3 млн амбулаториялық қабылдау өткізді;
балалар арасында 3 млн-нан астам профилактикалық тексеру жүргізілді;
127 мыңнан астам пациент офтальмологиялық стационарлық көмек алды;
елімізде 1,5 мыңға жуық офтальмолог еңбек етеді.

Бүгінде Қазақстанда балалар офтальмологиясы, глаукома, көздің торлы және қасаң қабығы ауруларын емдеу, кератопластика және жоғары технологиялық офтальмохирургия бағыттары дамып келеді.

Конгрестің негізгі тақырыптарының бірі – жасанды интеллектіні медицинада қолдану. Мамандар AI технологияларының көз ауруларын ерте анықтауда, медициналық кескіндерді талдауда және клиникалық шешім қабылдауды қолдаудағы мүмкіндіктерін талқылауда.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова офтальмологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру, озық технологияларды енгізу және пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсету басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Заманауи диагностика, жоғары технологиялық хирургия және жасанды интеллект – көру қабілетін сақтаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып келеді.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (105)