Абай облысы Бородулиха ауылында адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іске сот шешімі шықты, деп хабарлайды Arnapress.kz облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 13 шілдеге қараған түні сотталушы жәбірленушімен ауызша жанжал барысында оның мойын тұсына жиналмалы пышақпен қасақана соққы жасаған. Салдарынан жәбірленушінің сол жақ ұйқы артериясы зақымданған. Бұдан әрі сотталушы өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында жәбірленушінің өмірлік маңызды дене мүшелеріне бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақаттары салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
"Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және іс материалдарындағы хаттамалармен дәлелденді. Сот отырысында прокурор сотталушыны 14 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, ең төменгі жаза тағайындауды өтінді. Ал жәбірленуші тарап соттан оған ең ауыр жаза қолдануды сұрады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша адам өлтіргені үшін 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сот үкімімен сотталушы аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 14 жылға бас бостандығынан айырылды", - делінген хабарламада
Сонымен қатар сот сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына 20 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын, 1 миллион 169 мың 600 теңге материалдық шығынды және өкілдік қызметтер үшін 500 мың теңге өндіріп алу туралы шешім қабылдады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды
