Лента новостей

Қазақстанда жүргізуші емтиханын тапсыру тәртібі өзгереді

көлік, куәлік, емтихан, өзгеріс

Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына түзетулер әзірледі, деп хабарлайды Arnapress.kz министрлікке сілтеме жасап. 

Жаңа өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдету және уақытты үнемдеу.

ІІМ мәліметінше, көлік құралын қайта жабдықтағаннан кейін оны қосымша тексеруден өткізу талабы алынып тасталмақ. Енді енгізілген өзгерістердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттың болуы жеткілікті болады.

Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу емтихандарын қайта тапсыру тәртібі өзгереді. Егер үміткер емтиханнан бірінші рет өте алмаса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Екінші әрекеті де сәтсіз болған жағдайда, келесі емтиханға дайындалу үшін 10 күн уақыт беріледі. Ал теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмаған жағдайда, сол емтиханды қайта тапсыру ақылы болады.

Бұдан бөлек, теориялық емтиханнан сәтті өтіп, практикалық сынақтан өте алмаған үміткердің теориялық емтихан нәтижесі сақталады.

Шетелдік жүргізуші куәлігін Қазақстан Республикасының ұлттық жүргізуші куәлігіне ауыстыру тәртібіне де өзгерістер енгізіледі. Ол үшін азамат алдымен теориялық емтихан тапсыруы тиіс. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган куәлікті берген мемлекетке ресми сұрау жолдайды. Құжаттың түпнұсқалығы сол елдің құзыретті органы тарапынан расталғаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға, артық рәсімдерді қысқартуға және жалған құжаттардың қолданылуына жол бермеуге бағытталған.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (61)