Елордада сүрленген ет сатуды желеу етіп, азаматтарды алдаған кәсіпкер сотталды, деп хабарлайды Arnapress.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Ол Instagram және WhatsApp арқылы жылқының сүрленген етін арзан бағамен сататынын айтып, сатып алушылардан алдын ала төлем қабылдаған.
Алайда тауарды жеткізуге бастапқыдан ниеті болмаған. Сенімге кіру үшін бұған дейін орындалған тапсырыстар мен оң пікірлерді пайдаланған. Алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Нәтижесінде 31 азаматқа жалпы сомасы 1,7 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Сотта кәсіпкердің кінәсі толық дәлелденді.
Келтірілген залалдың өтелуі ескеріліп, оған 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар пробациялық бақылау белгіленді.
Үкім заңды күшіне енді.
Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды
