Қасиетті Абай елінде еліміздің ең үздік құсбегілері мен саятшыларын жинайтын айтулы шара өтеді, деп хабарлайды Arnapress.kz.
13-14 қараша күндері Көкбай ауылында ақын Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына орай "Абай салбурын-2026" республикалық турнирі ұйымдастырылады.
"12 қараша күні жарысқа қатысушылар ауылға келіп, тіркеуден және мандаттық комиссиядан өтеді. 13 қарашада жарыстың алғашқы күні басталып, қыран құстарды қолға шақыру, яғни бүркітті 700 метр қашықтықтан шақыру және бүркітті шырғаға салу сайыстары өтеді. Сағат 14:30-да "Абай салбурын-2026" республикалық турнирінің салтанатты ашылу рәсімі жоспарланған. Қазіргі уақытта жарысқа Шымкент пен Қарағанды қалаларынан қатысушылар тіркелген. Құсбегілікпен айналысатын федерациялар да арнайы бекітілген ережелерге сәйкес өтінім бере алады", – дейді "Абай облысы Абай ауданының дене тәрбиесі , спорт және туризм бөлімі" ММ басшысы Медғат Түсіпов.

14 қараша күні сағат 09:00-де бүркіт, ителгі және қаршыға жарыстарының ақтық кезеңі өтіп, құстарды аңға салу сайысымен жалғасады. Ал сағат 10:00-де ұлттық спорт түрлерінен жарыстар басталады. Қатысушылар арқан тарту, садақ ату, тазы иттер жарысы және тай көтеру бойынша бақ сынайды.
"Жеңімпаздарға арнайы жүлделер қарастырылған. Атап айтқанда, арқан тарту жарысының жүлде қоры – 500 мың теңге, тазы иттер жарысына – 600 мың теңге, садақ атуға – 200 мың теңге. Ал тай көтеру сайысында жеңімпазға бір тай беріледі. Сағат 14:00-де жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Мерекелік шара 19:00-де гала-концертпен қорытындыланады", – дейді "Абай облысы Абай ауданының дене тәрбиесі , спорт және туризм бөлімі" ММ басшысы Медғат Түсіпов
Концерт Көкбай ауылындағы Мәдениет үйінде өтеді. Кеште "Қаламқас" халық ән-би ансамблінің өнерпаздары, сондай-ақ әншілер Құрмаш Мақан мен Аргоня өнер көрсетеді. Айта кетейік, шараға кіру тегін.

Өткен жылғы салбурынға да қызығушылық жоғары болды. Абайдың 180 жылдығына орай Жидебай қорығы аумағындағы "TauKum" этноауыл кешенінде ұйымдастырылған бүркітшілер бәсекесіне еліміздің 9 облысы мен 3 қаласынан 70-ке жуық бүркіт, 14 ителгі және 15 қаршыға қатысқан. Екі күнге созылған турнир аясында құмай тазылар жарысы да өткен. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған шараның жабылу салтанатына облыс әкімі, республикалық құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли қатысып, жеңімпаздарды марапаттаған.
Биыл да Абай ауданында құсбегілік өнерді дәріптейтін республикалық турнир ұйымдастырылмақ. Бұл жолы дүбірлі дода Көкбай ауылында өтіп, оған еліміздің әр өңірінен саятшылар мен құсбегілер қатыса алады.
Фото: Абай ауданының әкімдігінен
