Лента новостей

Қазақстанда медициналық ұйым басшылары аттестаттаудан өте алмады

медицина, денсаулық, аттестаттау, тестілеу

Қазақстанда перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының басшылары және олардың орынбасарларын аттестаттау жалғасып жатыр. 2026 жылғы 2 қарашадағы мәлімет бойынша тестілеуге қатысқандардың 20 пайызы қажетті өту балын жинай алмаған, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Аттестаттаудың алғашқы кезеңі 14 қазанда басталған. Қараша айының басына дейін тестілеуге 15 өңірден 235 адам қатысып, бұл аттестаттаудан өтуге тиіс азаматтардың жалпы санының 72,1 пайызын құраған.

"Алдын ала қорытынды бойынша 188 қатысушы, яғни 80 пайызы тестілеуден сәтті өткен. Ал 47 адам қажетті балл жинай алмаған. Олардың 25-і медициналық ұйым басшысы болса, 22-сі басшының орынбасары. Бұдан бөлек, 27 адам тестілеуге келмеген. Тестілеуден өте алмағандардың басым бөлігі Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында тіркелген. Аталған үш өңірге теріс нәтиже көрсеткен қатысушылардың жалпы санының 55,3 пайызы тиесілі. Ал Астана қаласы мен Павлодар облысында барлық қатысушы тестілеуден сәтті өтті", - делінген хабарламада

Айта кетейік, аттестаттау тек перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының басшылары және олардың орынбасарларына қатысты жүргізіледі.

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, тестілеуден өте алмағандар сұхбаттасу кезеңіне жіберілмейді. Олар алты айдан кейін қайта аттестаттаудан өтуі тиіс.

Сонымен қатар жарияланған көрсеткіштер аттестаттаудың түпкілікті қорытындысы емес, алғашқы кезеңнің аралық нәтижелері саналады. Тестілеу жұмыстары 2026 жылғы желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.

Фото: Жасанды интеллект арқылы

Просмотров (120)