Абай облысының Мақаншы ауданындағы Алакөл жағалауында алғаш рет ұйымдастырылған “Алакөл алаулары” мәдени фестивалі қорытынды гала-концертпен аяқталды, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімінің баспасөзіне сілтеме жасап.
Екі айға жуық уақытқа созылған жоба өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, мыңдаған көрерменнің басын қосты.
Фестиваль аясында 20 маусымнан бері 15 ауқымды концерт ұйымдастырылып, еліміздің танымал өнер жұлдыздары сахнаға шықты. Әр концертке орта есеппен 5 мыңға жуық көрермен жиналып, жалпы фестивальді шамамен 75 мың адам тамашалады.
Биыл Президент тапсырмасы аясында Алакөл жағалауында инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жағалаудағы жолдар асфальтталып, 450 жарық бағаны орнатылды, 224 жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған бейнекамера іске қосылды. Сонымен қатар құтқару инфрақұрылымы күшейтіліп, электрмен жабдықтау мәселесін шешуге бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда.
“Алакөл алаулары” фестивалі өңірдің мәдениеті мен өнерін кеңінен насихаттап қана қоймай, Алакөлдің туристік тартымдылығын арттыруға да елеулі үлес қосты.
Фото: Облыс әкімдігі баспасөзінен
