Лента новостей

Аязды күндері Семейдегі тұрғындар такси бағасы қымбаттағанын айтады

Аяз, такси, баға қымбаттау

Бүгін ауа райы - 26 С төмен болғандықтан оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сабақтар онлайн форматқа ауыстырылды. Осындай аязды күндері қалада такси бағасының күрт қымбаттағаны байқалды. Бұл туралы Arnapress тілшісіне қала тұрғындары хабарлады.

Олардың айтуынша, такси қызметтері әдеттегіден әлдеқайда жоғары баға ұсынып отыр. Мәселен, Қарағайлыдан орталыққа дейін бару үшін кемінде 1400-1500 теңге сұралған. Ал, Новостройкадан Апрельге дейін жету құны 1200 теңге болса, Юность ықшамауданынан 343-кварталға дейінгі жолақы 1600-1700 теңгеге дейін жеткен.

"Күн суыта қалса болды, такси бағасы бірден өсіп кетеді. Қоғамдық көлік сирек жүрген соң, басқа амал жоқ, таксиге мінуге мәжбүрміз. Бірақ бағаның бұлай шарықтауы қалтаға қатты соғады", – дейді қала тұрғыны.

Сонымен қатар, қоғамдық көліктің ұзақ күтілуі де тұрғындарды такси қызметіне жүгінуге мәжбүрлеп отыр. Тағы бір қала тұрғыны аязды күні автобусты 25 минут бойы күткенін айтып шағымданды.

"17-ші маршруттың автобусы Северный ықшамауданында аялдамаға келіп тұрды, бірақ жарты сағатқа жуық қозғалмады. Амалсыздан такси шақыртуға тура келді. Бұл не сұмдық? Осындай аязды күндері керісінше халықты ойлап, қосымша автобустар шығармай ма, тоқтау уақытын азайтпай ма? Халықпен санасу жоқ, үкімет жылы жерде отырып алған", – дейді тұрғын.

Бүгін 17-ші маршрут бойынша қала ішінде 5 автобус қатынағаны белгілі болды. Infobus қосымшасындағы мәліметіке сәйкес, аталған автобустың шынымен де Северный ықшамауданында ұзақ уақыт бойы тұрғаны байқалған.

Тұрғындар аяз күшейген сайын такси бағасы да шарықтайтынын айтып, бұл мәселенің тиісті органдар тарапынан назарға алынуын сұрайды.

Просмотров (222)
ТопДок 1