Лента новостей

Ценалитика Arnapress: Семейде қысқы киім бағасы қанша? Қаладағы сауда орындарына шолу

қыстық, киім, ерлер, әйелдер, блалар,Семей

Қыс мезгілі жақындаған сайын жылы киімге деген сұраныс арта түседі. Ал сапалы әрі қалтаға қолайлы қысқы киімді қайдан табуға болады? Осы сұраққа жауап іздеп, Семей қаласындағы бірнеше сауда орталығы мен базарды аралап, қысқы киімдердің бағасын Arnapress.kz тілшісі бағамдап көрді.

Алдымен Қабанбай батыр көшесінде орналасқан бір сауда орталықтарының біріне бардық. Мұнда қысқы киімдердің бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді. Сапасы да баға санатына сай. Әйелдер мен ерлерге арналған қысқы күртешелердің бағасы 16 500 теңгеден басталып, 22 000 теңгеге дейін жетеді. Ал балалардың сырт киімдерін 12 500–18 000 теңге аралығында табуға болады.

Қысқы аяқ киімдердің бағасы да әртүрлі. Ерлер мен әйелдерге арналған жылы аяқ киімдер 12 800 теңгеден басталып, 25 500 теңгеге дейін барады.

Орталықтағы ірі сауда нысандары

Одан кейін орталық базар маңындағы ірі сауда орындарына бардық. Бұл жерлерде де қысқы киімнің түр-түрі бар. Ерлер мен әйелдерге арналған сырт киімдердің бағасы 18 000 теңгеден басталып, сапасы мен үлгісіне қарай 500 000 теңгеге дейін жетеді. Яғни, әркім өз талғамы мен қалтасына қарай таңдау жасай алады.

Ал қысқы аяқ киімдердің бағасы ерлер мен әйелдерге арналған үлгілерде тиісінше 25 990 және 27 990 теңгеден басталады. Балаларға арналған аяқ киімдердің бағасы 20 000 теңгеден басталатынын байқадық.

Шуба іздегендерге де таңдау бар

Қала орталығындағы шуба сататын арнайы сауда орнында бағасы 300 000 теңгеден басталып, 1 миллион теңгеге дейін жететін қысқы киімдерді кездестіруге болады. Мұнда да өнімнің сапасы мен үлгісіне қарай баға өзгереді.

Ә.Найманбаев көшесінде орналасқан ірі сауда орталықта да жылы киімнің түрі көп

Бұл базардың жоғарғы қабатында да қысқы киімдердің мол таңдауын көруге болады. Мұнда ерлер мен әйелдерге арналған түрлі үлгідегі сырт киімдер ұсынылған. Бағалары шамамен 40 000 теңгеден басталып, 180–200 000 теңгеге дейін барады.

Сауда орындарын аралау барысында бір үлгідегі киімнің өзі материалына, сапасына және өндірушісіне қарай әртүрлі бағаланатынын аңғардық. Бұдан бөлек, бірнеше бутикті де аралап шықтық. Ондағы бағалар да жалпы осы деңгейде.

Қысқы киім аларда нені ескерген жөн?

Семейдегі сауда орындарында қысқы киімнің бағасы әртүрлі санатты қамтиды. Қолжетімді күртешелер мен аяқ киімдерден бастап, қымбат үлгілерге дейін таңдау жеткілікті.

Дегенмен, киім сатып аларда тек бағасына емес, матасының сапасына, жылылығына, тігісіне және ыңғайлылығына да назар аударған жөн. Сондай-ақ бірнеше сауда орнын салыстырып, өзіңізге қолайлы нұсқаны таңдауға болады.

Қорытындылай келе, Семейде қысқы киім іздеген адамға таңдау бар. Ерлер мен әйелдердің сырт киімін 16500 теңгеден ең төмен бағада табуға болады. Ақшаңыз жетіп жатса, 500000 жоғары бағада таба алады екенсіз. Сол сияқты балалардың қыстық, жылы киімдері 12500 теңгеден бастап 50 000, 100 000 теңгеге дейін сапасына қарай алуға болады. 
Ең бастысы - қажеттілікті, сапаны және қалта мүмкіндігін қатар ескеру.

 

Ескерту: Мақалада көрсетілген бағалар сауда орындарын аралау кезінде байқалған шамамен алынған бағалар. Олар тауардың үлгісіне, өлшеміне және сапасына қарай өзгеруі мүмкін.

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (161)