Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында маңызды ұсыныс айтты. Оның пікірінше, Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, 2 айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлау өтеді деген норма негізгі заңда нақты жазылуы тиіс деп хабарлайды Arnapress.kz. Aqorda.kz сайтына сілтеме жасап
" Қазіргі Конституцияға сәйкес, Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Егер Сенат төрағасы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыра алмаса, өкілеттік белгіленген тәртіпке сай келесі лауазым иелеріне өтеді. Бұл жағдайда мәселе «қалған мерзімге» байланысты туындайды. Ол 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, 2 ай ішінде кезектен тыс Президент сайлау өтуі керек деген норма негізгі заңда нақты көрсетілуі қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл норма халықаралық озық тәжірибеге сәйкес келеді және еліміздің кез келген басшысы билікке заңды түрде, сайлау арқылы келуін қамтамасыз етеді.
Фото: Aqorda.kz ресми сайтынан
