Лента новостей

Cемейдегі қайырымдылық қор аула сыпырушыларға ас берді

қайырымды іс, аула сыпырушылар, тегін такси, Зекет қайырымдылық қоры

“Зекет” қайырымдылық қоры аула сыпырушыларға ас берді деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.

Аязды күндері қайырымдылық қоры “Тегін такси” акциясын өткізгені жайлы бұған дейін сайтымызда жариялаған едік. Аталған акцияға сенбі және жексенбі күндері қанша ерікті қатысқанын білу үшін редакция өкілдері қайырымдылық қорының жетекшілерімен байланысқа шықтық. 

Олардың айтуынша, акция демалыс күндері де жалғасын тапқан.

“Акция сенбі, жексенбі күндері өтті. 30-40 шақты ерікті жеке көліктерімен жұмылып, аялдамаларда тұрған тұрғындарды үйлеріне және межелі жерлеріне тегін жеткізді. Бүгін аяз төмендегендіктен, акцияны уақытша тоқтаттық”, – дейді “Зекет” қайырымдылық қорының өкілі Рашид Жамалбекұлы

Сонымен қатар, қор тарапынан тағы бір жүрек жылытатын игі іс атқарылған. Бүгін, яғни 19 қаңтар күні ұйым жетекшілері қала көшелерін тазалап жүрген коммуналдық қызмет қызметкерлеріне арнайы ас берген.

“Бүгін мешітте көше мен аула сыпырушылардан құралған 300-ге жуық қыз-жігітке орталы0 мешітте ас беріп, сый-сияпаттар ұсындық. Күннің суығы мен ыстығына қарамай, халыққа адал қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі әрдайым еленуі тиіс деп есептейміз”, – дейді қор өкілдері.

Айта кетейік, “Зекет” қайырымдылық қоры бұған дейін де әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіп, түрлі қайырымдылық акцияларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Қор өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да мұндай игі бастамалар жалғасын табады.

Фото: "Зекет" қайырымдылық қорынан

Просмотров (308)
ТопДок 1