Лента новостей

Семейде пәтерді жалға беремін деп, 16 азаматты алдаған алаяқ сотталды

пәтер, жалға, беру, алаяқтық, Семей

Абай облысында интернет арқылы пәтерді тәуліктік жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялап, азаматтардың ақшасын иемденген алаяққа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arnapress.kz Полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Тергеу барысында күдіктінің интернет-платформаларға пәтер жалдау туралы жалған хабарландырулар орналастырып, ашық дереккөздерден алынған жылжымайтын мүлік фотосуреттерін пайдаланғаны анықталды. Ол баспана іздеген азаматтардан бір тәулікке жалдау құны көлемінде алдын ала төлем талап еткен. Ақшаны алғаннан кейін жәбірленушілермен байланысты үзіп, олардың телефон нөмірлерін бұғаттаған.

Қаражатты қабылдау және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін үшінші тұлғалардың банк шоттары пайдаланылған. Тергеу нәтижесінде Қазақстанның әртүрлі қалаларынан пәтер жалдамақ болған азаматтарға қатысты алаяқтықтың 16 дерегі анықталды.

Сотталушының әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сараланды. Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен оған пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жыл 7 ай 15 күн мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сот жәбірленушіге келтірілген материалдық залалды өтеу мәселесін шешті.

Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалды

Просмотров (109)