Лента новостей

"Ұлылар елі": Семейде патриоттық әндердің тұсауы кесіледі

өнер, ән, байқау, Ұлылар елі

23 қазан күні Семей қаласындағы Абай атындағы театрда Республика күніне орай "Ұлылар елі" республикалық ән байқауының қорытынды гала-концерті өтеді, деп хабарлайды Arnapress.kz Абай облысының мәдениет басқармасына сілтеме жасап. 

Бұған дейін, Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан брифингте “Ұлылар елі” деген ән байқауы гала-концертін Республика күніне орайластырамыз, деген болатын.

Кеш барысында елімізге танымал өнер иелері Абай еліне арналған жаңа патриоттық әндерін көпшілікке алғаш рет ұсынады.

Мәдени шараның басты мақсаты – туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеу, Абай өңірінің рухани мұрасын насихаттау және заманауи музыкалық шығармаларды қолдау.

Абай облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқауға 18 жастан асқан кәсіби ақындар, композиторлар мен әншілер қатысты.

Шығармашылық жоба екі бағытты қамтыды. "Киелі Абай елі" бағыты туған жер мен өңірдің рухани мұрасын дәріптейтін патриоттық туындыларға арналса, "Trend әуен" бағыты заманауи ырғақтағы жаңа музыкалық шығармаларды қамтыды.

Қорытынды кеште байқауға қатысқан танымал әншілер, композиторлар, ақындар мен өнер қайраткерлері сахнаға шығып, көрерменге жаңа туындыларын таныстырады.

Гала-концерт 23 қазан күні сағат 18:00-де Абай атындағы театрда өтеді. Кіру тегін.

Фото: жасанды интеллект арқылы және басқармадан

Просмотров (96)