Абай облысының прокуратурасы Семей қаласындағы мектептерде оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету кезінде заң талаптарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Тексеру барысында 2025–2026 оқу жылында қаладағы 44 мектепте білім алатын, заң бойынша тегін тамақтануға құқығы бар 197 оқушының тиісті әлеуметтік көмекті алмағаны белгілі болды.
Семей қаласы прокуратурасының араласуынан кейін барлық 197 баланың құқығы қалпына келтірілді. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде оқушылар тегін тамақ алушылар тізіміне енгізілді.
Сонымен қатар, заңбұзушылыққа жол берген жауапты лауазымды тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылды.
Облыстық прокуратура кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және оларға тиесілі әлеуметтік кепілдіктердің сақталуын бақылау жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.
Фото: Жасанды интеллект арқылы
