Абай облысында "Қаладан – ауылға" жобасы жоспардан асыра орындалды, бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Arnapress.kz
Биыл ақпан айында облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен қолға алынған жоба ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыруға, халық санын көбейтуге және ауылдарға қажетті мамандарды тартуға бағытталған.
Облыс әкімінің орынбасары Думан Оспановтың айтуынша, бастапқыда жыл соңына дейін ауылдарға 500 отбасын көшіру жоспарланған. Алайда бұл межеге қазан айының басында-ақ қол жеткізілген.
Бүгінде жоба аясында 1 716 адамнан тұратын 522 отбасы ауылдық жерлерге қоныстанған. Осылайша, жылдық жоспар 104 пайызға орындалды. Оның ішінде 737 адам Семей қаласынан, ал 979 адам өзге облыстардан көшіп келген.
Қоныс аударған отбасыларға жергілікті әкімдіктер тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, көпбалалы отбасыларға фермерлердің демеушілігімен мал берілсе, ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлерге кейбір аудандарда жер телімдері ұсынылған.
Жоба ауылдық аумақтардың дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа тұрғындардың кәсіп бастауына, тұрақты табыс табуына және ауыл өміріне бейімделуіне мүмкіндік беріп отыр.
Фото: Жасанды интелллект арқылы
