Лента новостей

Семейдегі қоқыс жәшігінен табылған нәресте: сот үкімі шықты

сот, үкім, нәресте, қоқыс жәшігі

Семейдегі қоқыс контейнерінен табылған нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Іс бойынша екі сотталушыға жаза тағайындалды, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі

Еске сала кетейік, 2026 жылдың 3 ақпанында Әуезов полиция бөліміне Семейде қоқыс жәшігінен сүлгіге оралған жаңа туған нәрестенің мәйіті табылған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының қызметкерлері шұғыл келіп жеткен. Алғашқы іс-шаралар барысында үйінде босанған 20 жастағы қыз анықталған. Сот материалында айтылғандай іске қатысы бар жігіт нәрестені қоқыс жәшігіне көлікпен апарып тастаған. 

Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Алуа Ержанқызы мен Бексұлтан Серікқазыұлы Советқазыға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.


Алуа Ержанқызына қандай жаза тағайындалды?

2005 жылы туған Алуа Ержанқызы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 100-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған екі жыл мерзімге жаза тағайындалды. Ананың жаңа туған баласын өлтіруі бойынша кінәлі деп танылды.

Қылмыстық кодекстің 100-бабы ананың жаңа туған баласын өлтіруіне қатысты. Бұл бап босану кезінде немесе одан кейін психиканы күйзелтетін ахуал болған жағдайда не есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикалық бұзылыс жағдайында өз баласын өлтіруге қатысты қолданылады. Осы қылмыс үшін заңда төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Алайда сот үкімінде көрсетілгендей, 2026 жылғы 1 шілдедегі заңнамалық өзгерістерге байланысты қабылданған рақымшылық жасау туралы заңның 1-бабының 1-тармақшасына сәйкес, Алуа Ержанқызы тағайындалған жазадан босатылды.

Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес, ол полицияның кіші сержанты арнайы атағынан айырылды. Одан 64 875 теңге мөлшерінде өтемақы өндіру белгіленді.

Бексұлтан Советқазыға қандай жаза берілді?

2000 жылы туған Бексұлтан Серікқазыұлы Советқазы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Қылмыстық кодекстің 99-бабы адам өлтіруге қатысты. Оның 3-бөлігі жас баланы өлтіруді қамтиды және мұндай қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Бұдан бөлек, Бексұлтан Советқазы полиция аға лейтенант шенінен айырылды. Одан 329 750 теңге мөлшерінде өтемақы өндіру белгіленді.

Сот қандай дәлелдемелерді зерттеді?

Сот қылмыстық іс материалдарын жан-жақты зерделеп, айыптаудың негізділігіне құқықтық баға берді.

"Сотталушылар өздеріне тағылған айып бойынша кінәларын мойындамаған. Алайда сот олардың кінәсі іс материалдарында жиналған дәлелдемелер жиынтығымен расталады деген қорытындыға келді. Іс бойынша SMS-хабарламалар, WhatsApp желісіндегі хат алмасулар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде алынған жауаптар, сот сараптамаларының қорытындылары және сарапшылардың сотта берген жауаптары зерттелді. Сотта қаралған сараптамалық мәліметтерге сәйкес, нәресте дүниеге келген кезде тірі болған. Кейін белгілі бір уақыт өткен соң суықтың әсерінен шетінегені көрсетілген. Іс бойынша қосымша сараптамалар да тағайындалған. Алуа Ержанқызының босану кезінде жан күйзелісі жағдайында болмағанын және психикалық ауытқулары болмағанын көрсеткен"

Осылайша, сот ұсынылған дәлелдемелерді өзара байланыста бағалап, әр сотталушының әрекетіне құқықтық баға беріп, үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Фото: Arnapress.kz

Просмотров (471)