Республика бойынша 59,3 мың оқушы орнына арналған 101 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Arnapress.kz министрлікке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, салынып жатқан мектептердің 85-ін биылғы жылдың соңына дейін, қалған 16-сын 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа білім беру нысандарының 56-сы ауылдық жерлерде орналасқан.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында еліміздің өңірлерінде тағы 21 білім беру нысаны бой көтереді. Сонымен қатар 20 өңірде оңалту және сауықтыру кабинеттерімен жабдықталған жаңа форматтағы 20 инклюзивті мектеп-кешен салу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, қолданыстағы білім беру нысандарын жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. 2019-2026 жылдары еліміздегі 1916 мектепке күрделі жөндеу жасалған. Ал 2023-2025 жылдары шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердегі 3008 мектеп жаңғыртудан өтті.
Сондай-ақ 2021-2026 жылдар аралығында мектептерге 8384 пәндік кабинет сатып алынған.
Жоспарланған жобалар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ауыл мектептерінің жағдайын жақсартуға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Фото: Жасанды интеллект арқылы
