Лента новостей

Қазақстанда жер сілкінісі кезінде лифт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа стандарт бекітілді

лифт, жер, сілкінісі, қауіпсіздік, талаптар

Қазақстанда жер сілкінісіне төзімді ғимараттарда орнатылатын лифттерге қойылатын қосымша қауіпсіздік талаптарын белгілейтін ұлттық стандарт бекітілді, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап. 

Жаңа құжаттың басты мақсаты – сейсмикалық әсер кезінде жолаушылардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіпті азайтып, лифт жабдықтарының сенімділігін арттыру.

СТ РК EN 81-77-2026 "Жолаушылар және жүк лифттерін құрастыру мен орнату кезіндегі қауіпсіздік талаптары. 77-бөлім. Сейсмикалық әсерге ұшырайтын лифттер" стандарты 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Жаңа талаптар әсіресе сейсмикалық белсенді аймақтарда, соның ішінде Алматы қаласы мен еліміздің оңтүстік өңірлерінде маңызды. Себебі жер сілкінісі кезінде ғимараттың тербелуі лифт жабдықтарының зақымдануына, кабинаның қабаттар арасында тоқтап қалуына және жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.

Осы тәуекелдердің алдын алу үшін стандартта бірқатар техникалық талап қарастырылған. Атап айтқанда, лифт кабинасы мен қарсы салмақтың бағыттаушы құрылғылардан шығып кетуіне жол бермеу, бекітпелердің беріктігін қамтамасыз ету және жабдықтардың сейсмикалық жүктемелерге төзімділігін арттыру көзделген.

Сонымен қатар жер сілкінісі тіркелген жағдайда лифтіні арнайы жұмыс режиміне ауыстыратын белгі беру жүйесін қолдану қарастырылған. Арқандар мен кабельдердің лифт шахтасындағы құрылғыларға ілініп қалуын болдырмау және жабдықтардың зақымдану қаупін төмендету шаралары да қамтылған.

Фото: Жасанды интеллект арқылы

Просмотров (195)