Лента новостей

Жарма ауданының азаматы "Ерен еңбегі үшін" медалін иеленді

ауылшаруашылық, үлесі, марапат, Жарма

Ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Дәурен Шыңғысұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан "Ерен еңбегі үшін" медалін иеленді. Марапат Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында табысталды, деп хабарлайды Arnapress.kz ауылшаруашылығы басқармасына сілтеме жасап. 

Дәурен Шыңғысұлы 2008 жылдан бері "Дәурен" шаруа қожалығында зоотехник қызметін атқарып келеді. Осы уақыт аралығында ол асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, селекциялық жұмыстардың сапасын арттыруға және өндіріс үдерісіне заманауи технологияларды енгізуге зор үлес қосты.

Бүгінде шаруашылықта малды күтіп-бағудың озық әдістері кеңінен қолданылып келеді. Атап айтқанда, жайылымды тиімді пайдалану, автоматтандырылған суару жүйесін енгізу және асылдандыру жұмыстарын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар қожалықта өсірілетін асыл тұқымды бұқалар республикалық және халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл – шаруашылықтағы тынымсыз еңбектің, кәсіби шеберлік пен табанды ізденістің нәтижесі.

Еңбегімен ел құрметіне бөленген Дәурен Шыңғысұлының мемлекеттік наградамен марапатталуы – ауыл шаруашылығы саласында адал қызмет етіп жүрген еңбек адамдарына көрсетілген лайықты құрмет. 

Фото: Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасы

Просмотров (609)