Лента новостей

Семей теміржол вокзалы аумағында жаңа жаяу жүргіншілер көпірі салынуда

көпір, жаяу жүргінші, Семей

Семей қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Сонымен қатар вокзал аумағында теміржол желілері арқылы өтетін жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жүргізілуде.

Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли құрылыс барысымен танысып, жауапты тұлғаларға жұмыстардың сапасы мен мерзіміне қатысты нақты тапсырмалар берді.

Қазіргі уақытта вокзал ғимаратының қасбетін қаптау, витраждық әйнектер орнату, ішкі әрлеу, эскалаторлар мен лифтілерді монтаждау, перронды жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ вокзал алдындағы аумаққа тақтатас төсеу басталған.

Жоба аясындағы маңызды нысандардың бірі – жаңа жаяу жүргіншілер көпірі. Құрылыс 10 қыркүйекте басталған. Ұзындығы 209 метр, биіктігі 4,5 метр болатын көпірге 11 тірек орнатылады. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін көпірдің төбесі және екі қапталы толық жабылады. Сонымен қатар екі жағына лифт орнату қарастырылған.

Құрылыс жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Нысанды желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

Бұдан бөлек, вокзалда жолаушылардың теміржол жолдарынан қауіпсіз әрі ыңғайлы өтуіне мүмкіндік беретін конкорстық өткелдің құрылысы да жүргізіліп жатыр. Бұл нысан бастапқы жобада болмаған. Алайда облыс әкімдігінің бастамасымен Көлік министрлігі және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, оны салу туралы шешім қабылданған.

Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қаладағы өткелдерді жөндеуді де қамтиды. Биыл Семейде кемінде 9 теміржол өткелін жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытқа дейін Речников, Қаржаубайұлы, Лебаев, Мичурин және Титов көшелеріндегі өткелдерде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін Дулатов көшесіндегі өткелдерді ретке келтіру көзделген.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындар мен жолаушылардың қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету – басты міндет. Осыған байланысты жауапты мекемелерге құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жұмыстардың сапасын қатаң бақылау тапсырылды.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөзі

Просмотров (312)