Лента новостей

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін

әлеуметтік, желі, 16 жас, тыйым

Қазақстан Республикасы Құрылтайының отырысында онлайн-платформалар мен масс-медиа саласын реттеуге бағытталған заң жобалары бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды Arnaprres.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, ұсынылған түзетулер цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, онлайн-платформалардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Заң жобаларына сәйкес, онлайн-платформаларға Қазақстан аумағында заңды тұлға ретінде өкілдік ашу міндетін енгізу ұсынылады. Сонымен қатар құқыққа қайшы контентті, оның ішінде кибербуллингке қатысты материалдарды жою жөніндегі нұсқамаларды орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы он айында мониторинг нәтижесінде 128,5 мың құқыққа қайшы материал анықталып, оның шамамен 70 пайызы жойылған.

Бұдан бөлек, пайдаланушыларды және бес мыңнан астам жазылушысы бар ашық қауымдастықтарды сәйкестендіру тетіктерін енгізу көзделген.

Балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне шектеу қою және платформаларға пайдаланушылардың жасын тексеру міндетін жүктеу ұсынылады. Алайда бұл талап балалардың ата-анасымен, жақындарымен және мұғалімдерімен байланысуына арналған мессенджерлерге қолданылмайды.

Сондай-ақ аудиовизуалдық қызметтерді реттеу, онлайн-кинотеатрлардың Қазақстандағы заңды өкілін белгілеу, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау мәселелері қамтылған. Жала жабу, былапыт сөз қолдану және адамның бейнесін келісімінсіз пайдалану бойынша жауапкершілік нормаларын нақтылау ұсынылады.

Түзетулер мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын БАҚ-та арнайы белгілеу, сондай-ақ білім беру курстары мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыруды да көздейді.

Министрліктің хабарлауынша, заң жобаларын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.

Фото: Жасанды интеллект арқылы

Просмотров (221)