Лента новостей

Семейде Оқушылар сарайына апаратын жаңа көпір қашан аяқталатыны белгілі болды

оқушылар сарайы, көпір, Семей

Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы Бозтаев көшесі мен Оқушылар сарайын байланыстыратын жаңа жаяу жүргіншілер көпірінің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Arnapress.kz облыс әкімдігінің баспасөзіне сілтеме жасап. 

Ұзындығы 34 метр, биіктігі 6 метрге жуық болатын жер үсті өткелі балалар мен тұрғындардың қауіпсіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында салынып жатыр.

Қазіргі уақытта бетондау жұмыстары толық аяқталып, көпірдің металл конструкцияларын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Келесі кезеңде жарықтандыру жүйесі орнатылып, екі лифт жабдықталады. Құрылыс жұмыстарын желтоқсан айының ортасында аяқтау жоспарланған.

Айта кетейік, жоба BI Group компаниясының демеушілігімен қалаға сый ретінде жүзеге асырылуда.

Аймақ басшысы құрылыс сапасына ерекше мән беріп, нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, жаңа өткел Оқушылар сарайына келетін балалар мен қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы қатынасты қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық нысан болмақ.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөзі

Просмотров (310)