Жаңа қаламгерлерді анықтап, олардың шығармашылығын қолдауға бағытталған "Қала хикаялары" республикалық прозалық байқауына өтінім қабылдау жалғасуда, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Байқаудың мақсаты – қала мәдениетін, заманауи қоғамдағы өзгерістерді, адам өмірін, ұлттық болмыс пен қазіргі құндылықтардың сабақтастығын көркем әдебиет арқылы бейнелейтін жаңа шығармаларды қолдау.
Байқауға Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Қатысушылардан қала прозасы жанрында жазылған, бұрын жарияланбаған, көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақ болатын романдар қабылданады. Бір авторлық баспа табақ 40 мың баспа таңбасына тең. Әр автор тек бір шығармасын ұсына алады.
Өтінімдер 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін qoljazba.bookfund.kz сайты арқылы қабылданады.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған шығармалар жалпы 15 мың данамен басылып, еліміздің кітапханаларына таратылады. Бұл бастама отандық әдебиетті дамытуға, жаңа есімдерді танытуға және жас қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта байқауға 20 өтінім келіп түскен.
Қосымша ақпарат алу үшін мына телефон нөмірлеріне хабарласуға болады:
8 (7172) 74-04-07,
8 (7172) 74-03-84,
8 (7172) 74-04-08.
Фото: Жасанды интеллект арқылы
