Лента новостей

Қазақстанда қылмыстық заңдағы кәмелетке толмағандарға арналған жаңа талаптар

жаза, кәмелетке толмаған, жас, талап

Қылмыстық заң 18 жасқа толмаған адамдардың жауаптылығына қатысты арнайы талаптарды белгілейді, деп хабарлайды Arnapress.kz ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап. 

Олардың бірі - бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауға қатысты.

ҚР Қылмыстық кодексінің 81-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған адамға қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды. Адам өліміне әкеп соқпаған ауырлығы орташа қылмыс жасаған жағдайда да осы талап қолданылады.

Бұл қағида кәмелетке толмаған адам бірнеше қылмыс жасаған кезде де сақталуға тиіс.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған сотталушыға бірнеше қылмыс бойынша жаза тағайындалған. Олардың қатарында онша ауыр емес қылмыс үшін 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

Істі кассациялық тәртіппен қарау кезінде прокурор кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық заңда белгіленген арнайы талаптардың сақталуына назар аударды.

Нәтижесінде онша ауыр емес қылмыс үшін тағайындалған 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы 50 сағат қоғамдық жұмыстарға ауыстырылды. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Кәмелетке толмағандарға жаза тағайындау кезінде олардың:
жасы;
тұрмыс және тәрбие жағдайы;
психикалық даму деңгейі;
жеке басының өзге де ерекшеліктері ескеріледі.

Сонымен қатар әрбір жағдайда тәрбиелік ықпалы бар шараларды қолдану мүмкіндігі қарастырылуы қажет.

Кәмелетке толмағандарға қатысты арнайы құқықтық кепілдіктер – олардың өзге қылмыстарының ауырлығына қарамастан сақталуға тиіс заң талабы.

Фото: ЖИ

Просмотров (134)
ТопДок 1