Лента новостей

Абай облысында көктемгі егіс науқаны қарқын алды

егіс, науқан, Абай облысы

Абай облысында 2026 жылғы көктемгі егіс науқаны басталып, ауыл шаруашылығы саласындағы жоспарлы жұмыстар қарқын алуда, деп хабарлады Arnapress.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Дала жұмыстарының сапалы өтуі үшін қажетті тұқым қоры әзірленіп, техника мен жанар-жағармай ресурстары толық қамтамасыз етілген.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев мәлімдеді.

"Биыл облыстағы жалпы егіс көлемі 789,3 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары – 300 мың гектарға жуық, майлы дақылдар – 340 мың гектар, жем-шөп дақылдары – 138 мың гектар, картоп – 6,6 мың гектар, ал көкөніс және бақша дақылдары – 5,2 мың гектар алқапқа орналастырылады", - деді басқарма басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Әсіресе майлы дақылдардың көлемін сақтау және тұрақтандыруға, сондай-ақ жүгері алқаптарын ұлғайтуға ерекше назар аударылған. Биыл жүгері 10 мың гектарға дейін жеткізілмек.

Көктемгі дала жұмыстарына облыс бойынша 12 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның ішінде заманауи егіс кешендері, сепкіштер және топырақ өңдеу құралдары бар. Техникалардың барлығы толық дайын.

Сонымен қатар, егіс науқанын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы аясында 14 млрд теңге қарастырылған. Қаражат ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне кезең-кезеңімен берілуде. Қажет болған жағдайда қосымша қаржы бөлу мүмкіндігі де бар.

Қазіргі таңда облыстың бірқатар аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталып кеткен. Мамандар егіс науқанын агротехникалық талаптарға сай жүргізіп, барлық жұмыстарды 1 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Фото: Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Просмотров (251)
ТопДок 1